Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жамбыл облысына жұмыс сапарының бағдарламасы медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмек өндіретін кәсіпорындардың қызметімен танысудан — «Амир и Д» ЖШС-не барудан басталды.
Президент медициналық препараттарды шығаратын негізгі цехтарды және дайын өнім үлгілерін аралап көрді.
«Амир и Д» ЖШС әлеуметтік маңызы бар ауруларды диагностауға, соның ішінде В және С гепатиттерін, АИТВ-инфекциясын (ВИЧ), миокард инфарктын анықтауға, сондай-ақ есірткі және психотроптық заттарды табуға арналған экспресс-тесттердің түр-түрін шығарады. Кәсіпорын медициналық бұйымдардың 200-ден астам түрін өндіреді. Бүгінгі таңда мұнда 94 қызметкер еңбек етеді.
Мемлекет басшысына сондай-ақ Қазақстандағы медициналық бұйымдарды өндіретін жетекші кәсіпорындардың бірі — «Super-pharm» ЖШС фармацевтикалық компаниясының қызметі туралы баяндалды. Зауытта 600-ден астам қызметкер жұмыс істейді.
Компания елдің біржолғы (бір реттік) медициналық бұйымдарға деген қажеттілігінің жалпы көлемінің шамамен 30%-ын қамтамасыз етеді.
Атап айтқанда, кәсіпорын хирургиялық және түрлі операцияларға арналған процедуралық жиынтықтарды, медициналық маскалардың барлық түрін, біржолғы қорғаныс киімдерін, санитарлық-гигиеналық мақсаттағы бұйымдарды шығарады. Сондай-ақ мұнда медициналық шприцтер, инфузиялық жүйелер, қан құюға арналған жүйелер және басқа да өнімдер дайындалады.
Президент импортқа тәуелділікті азайту және ұлттық денсаулық сақтау жүйесін нығайту үшін отандық фармацевтика саласын дамытудың маңыздылығын атап өтті.